Алтай ауданында қазіргі уақытта бес сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы үш айында сауылған сүт мөлшері – 2915,1 тонна. Бұл туралы Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Алтай ауданында экономиканың өсуін қамтамасыз етуге бағытталған 2024-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 49,6 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Негізгі бағыт – жалпы 5200 бас сауынды сиырға арналған алты сүт-тауар фермасын салу және жаңғырту.
– Өткен жылы Алтай ауданына қарасты Полянское ауылында 1075 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Осы жаздың соңына қарай құрылыс жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін, ірі қара мал әкелінеді деп жоспарлануда. Одан бөлек, қазіргі уақытта «Средигорненский-2» ЖШС кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Германиядан симменталь тұқымды 95 бас ірі қара мал әкелінді. Биыл 255 бас ірі қара мал жеткізіледі. Бұл Чиркаин ауылындағы сүт-тауар фермасындағы мал басын 600-ге дейін, қосымша 2000 тонна сүт өндіруге көмектеседі, – деді Ренат Құрмамбаев.
Алтай ауданының 2025-2028 жылдарға арналған жобалары:
– «Бородино» шаруа қожалығы – 2027 жылдан бастап Бородино ауылындағы сүт-тауар фермасын 600 бас ірі қара малға дейін кеңейту, қосымша 1,2 мың тонна сүт өндіру жоспарлануда;
– Тұрғысын және Соловьево ауылында 2028 жылдан бастап 1000 бас ірі қараға арналған сүт-тауар фермасының құрылыс жобасы жүзеге асырылады.
– Маяк ауылында 1000 бас ірі қараға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы 2029 жылы іске асырылады.
– «Санур Агро» ЖШС – Орловка ауылында 500 басқа арналған бордақылау алаңын 2028 жылы ашуды жоспарлап отыр.
Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде ауылдық жерлерде шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттырып, табысын көбейтеді.