Өскеменде ауыл өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 14:41 0

Дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесі 27 маусым күні Өскемендегі Спорт сарайында өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Биылғы жәрмеңкеге қатысуға 55 кәсіпкер өтінім берген. Бұл ккүні көрме мен жәрмеңкеге келгендер ауылдың таза өнімдерін қоржынға салып қайтатын болады. Бұл жолы Күршім, Катонқарағай, Ұлан, Алтай аудандары мен Риддер қаласынан қатысып жатқан кәсіпкерлердің қарасы көп. 

Көрменің соңында үздік кәсіпкерлер таңдалып, республикалық деңгейдегі жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ал финалға өткендер өз кәсібін дамыту үшін арнайы оқудан өтіп, қайтарымсыз грант ұтып ала алады. 

– Кәсіпкер жергілікті ерекшелікті сақтап, өз ауылынан шыққан өнімді ұсынса, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл – қаржылай көмек, сертификаттау және жарнама жағынан сүйемелдеу деген сөз, — дейді көрмені ұйымдастырушылардың бірі, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі Ринат Урасаев.

Қатысушылар көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдары мен таза ауылдың өнімдерін көпшілік назарына ұсынатын болады. 

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы алғаш рет Жапонияда басталып, көп елде қолдау тапқан бастама. Қазақстанда бұл жоба 2021 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жобаның басты мақсаты — ауыл кәсіпкерлеріне дем беру, олардың өнімін танымал етіп, кәсібін алға жылжытуға мүмкіндік беру.


 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив