А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Жеңістің 80 жылдығына орай Соғыс ардагерлері ұйымының мүшелерінің қатысуымен ерлік сабағы өтті.
Шараға «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобының» құрамында болған ардагерлер қатысты.
«Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы» 1945 жылы 10 маусымда құрылып, оған 1-Белорусь, 2-Белорусь және 1-Украин майдандары әскерлерінің құрамалары енген болатын. Олардың алдына қойылған маңызды міндет – басып алынған аймақты басқару және оны бейбіт өмірге қайтару, КСРО-ның батыс шекарасын сыртқы қауіп-қатерден қорғау еді.
Уақыт өте келе ГДР аумағында орналасқан КСРО Қарулы Күштері КСРО-ның Батыстағы мемлекеттік шекарасын бірінші кезекте қорғайтын құрам болып есептелді. Топтың жеке зауыттары, инфрақұрылымдық нысандары, қосалқы учаскелері, офицерлер мектептері, пионер лагерьлері, санаторийлер, сауда желісі, офицер үйлері, теледидар орталықтары, тұрмыстық қызмет көрсету кешендері, клубтар, әскери ән және би ансамбльдері, өз драма театры болды.
Германиядағы Кеңес Әскери күштері тобы Германия мемлекетінен ресми түрде 1994 жылдың 31 тамызы күні түпкілікті шығарылды.
Ерлік сабағынан мектеп оқушылары, жастар, кітапхана оқырмандары тәлім алды. Жалпы көрерменге патриоттық мазмұндағы материалдар көрсетілді, сұрақ-жауап, өзара пікір алаңы ұйымдастырылды.