Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай отбасы құндылығын дәріптейтін «Шаңырақ шуағы» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen
Шараға қатысушыларға «Ұрпақтардың әдеби телекөпірі» фотогалереясы мен отбасы тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды.
– Біз осы шара арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеп, оны нығайтудағы кітап маңызын көрсеткіміз келеді. Өскелең ұрпақты отбасындағы ізгілікке, құрметке баулу ұлт болашағы үшін маңызды қадамдардың бірі деп санаймын, – деді кітапханадағы коммуникация орталығының жетекшісі Эльмира Сейтқазықызы.
Бағдарламаның негізгі бөлігінде балалар, ата-аналар және аға буын өкілдері қатысқан ойын-сауық мерекесі өтті. Ашық аспан астында түрлі ойындар мен жарыстар ұйымдастырылып, балаларға ата-әжелер бата берді.
Сондай-ақ «Чудо-детки» студиясында психологпен кездесу өтіп, отбасындағы тәрбие, эмоциялық жақындық пен өзара әрекеттесудің тиімді жолдары талқыланды.
Жылы атмосферада өткен шара қатысушыларға жағымды әсер қалдырып, отбасының қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айшықтады.