Балаларды қорғау күніне орай Өскемендегі Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері балалар құқығын қорғау тақырыбында лекцияға қатысып, ҚР ІІМ Шығыс Қазақстан және Абай облысы бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының музейімен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ҚР ІІМ Шығыс Қазақстан және Абай облысы бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы үш күн бойы Балаларды қорғау күніне орай іс-шара өткізуді жоспарлаған. Жоспарды бағдарлама аясында бүгін Өскемендегі Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне балалар құқығы жөнінде лекция тыңдатып, қару-жарақпен және өздерінің музейімен таныстырды.
– Алда болатын Балаларды қорғау күніне орай ҚР ІІМ Шығыс Қазақстан және Абай облысы бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен ШҚО ардагерлер кеңесі бірлесіп үш күнге жалғасқан іс-шара өткізіп жатырмыз. Бүгін Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне жоғарыда аталған мекеменің музейін көрсетіп, күзет қызметінің қару-жарақтарымен таныстырдық. Ең бастысы өз құқытарын қорғау тақырыбында лекция өткізіп, тиімді ақпараттар бердік, – дейді ШҚО ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Оразбайұлы.
Шараға қатысқан жастар өздерінің құқықтары жөнінде сауалдарға жауап алып, тақырыпты ықыласпен талқылады. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан және Абай облысы бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қару-жарақтарымен танысып, музейін тамашалады.