Шығыстың жас спортшылары Азия чемпионатында топ жарды

ЖАҢАЛЫҚТАР 2-05-2025, 14:00 0

Әлемдік турнирде Шығыс Қазақстан облысының бес спортшысы бақ сынады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

24-30 сәуір аралығында Иорданияның Амман қаласында 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті. 

Алтай қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Шыңғыс Ахметов пен Темірәли Темірбаев алтын медаль жеңіп алды. Қос спортшының жаттықтырушысы – Серік Сембиев. 

13 жастағы Шыңғыс Ахметов (U-15 санаты, 49 келіге дейін) финальдық бәсекеде Иран спортшысын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. 

Оның командадағы аға әріптесі – 16 жастағы Темірәли Темірбаевта (U-17 санаты, 52 келіге дейін) Иордания өкіліне қарсы кездесуде 5:0 есебімен жеңіске жетті.  

Спортшыларды жеңісімен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.

– Бұл беделді жарыста Қазақстан құрамасы сапында Шығыс Қазақстан облысынан бес боксшы ел намысын корғады, олардың екеуі алтын медаль жеңіп алды. Чемпионатқа Азияның әртүрлі елдерінен жалпы 247 боксшы қатысты. Спортшыларымызды жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұрымбет Сақтағанов. 

Айта кетейік, екі жас спортшы да спорт шеберлігіне үміткер. Олардың жетістігі – кездейсоқтық емес, қарапайым аудандық спорт мектебінен басталатын табанды және жүйелі еңбектің нәтижесі. 

Облыс орталығынан барған қалған үш боксшы – Алдияр Баяндинов, Мирас Қуанышев және Ринат Ерболұлы – рингте лайықты өнер көрсетті. Үшеуі де Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Олардың жаттықтырушылар – Баурбек Калек, Талант Бейсенов және Әділет Шорганов.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив