Иорданияның Амман қаласында жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионатына қатысқан спортшылар елге оралды. Былғары қолғап шеберлерін шығысқазақстандықтар Өскемен әуежайында салтанатты түрде күтіп алды.
Құрлықтық дода 15 және 17 жасқа дейінгі екі жас санаты бойынша барлығы 56 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. 18 елдің кіл мықты спортшылары жиналған жарыста Қазақстан құрамасы 44 медаль иеленді, оның 16-сы алтын. Шығыс Қазақстанның екі спортшысы Шыңғыс Ахметов пен Темірәли Темірбаев бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
– Азия чемпионатына дейін балалар бірнеше іріктеу кезеңінен өтті. Бұл жеңістердің артында үлкен еңбек жатыр. Жеңіске жету үшін балалар аянбай тер төкті, – деді ШҚО жасөспірімдер құрамасының бокстан жаттықтырушысы Азамат Серікұлы.
Жас чемпион Шыңғыс Ахметовтің бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі. Бұған дейін ол тек республикалық жарыстарда бақ сынаған.
– Мен Иорданияда өткен Азия чемпионатында үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеттім. Қарсыластарым Иордания, Украина және Иран елдерінен болды. Бұл менің алғашқы халықаралық жарысым. Арманым – кәсіби боксшы болып, әлем чемпионы атану, – деді Шыңғыс Ахметов.
Чемпион Темірәли Темірбаевтың да бұл алғашқы Азия чемпионаты.
– Азия чемпионатында үш жекпе-жек өткіздім, үшеуінде де жеңіске жеттім. Турнирге 1 сәуірден бастап жеке бапкерім Серік Сембиевпен бірге дайындалдым. Ол маған рухани қолдау көрсетіп, дайындықта көп көмектесті, – дейді Темірәли Темірбаев.
Қос боксшының ендігі мақсаты биік белестерді бағындырып, дүбірлі додаларда топ жару.