ШҚО-да банкроттыққа 6 мыңға жуық өтініш түскен

ЖАҢАЛЫҚТАР 29-04-2025, 15:14 0

Шығыс Қазақстан облысында соттан тыс банкроттық рәсіміне 5 927 өтініш түскен. Оның ішінде 651 азамат банкрот деп танылып, 4 145 өтінішке бас тартылған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.   

Қазақстанда 2023 жылдың 3 наурызынан бастап халықтың қарыздық жүктемесін азайтуға бағытталған «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң күшіне енген болатын. 

Заң негізінде еліміздің өңірлерінде нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Оның ШҚО-да іске асырылуы туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Қойшинов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді. 

– Шығыс Қазақстан облысында соттан тыс банкроттық рәсіміне 5 927 өтініш түскен. Оның ішінде 651 азамат банкрот деп танылып, 4 145 өтінішке бас тартылған. Сот арқылы банкроттық рәсіміне 91 өтініш беріліп, оның ішінде 22 адам банкрот деп танылып, 15 іс бойынша рәсім жалғасып жатса, қалған өтініштер қараусыз қалдырылған немесе кері қайтарылған. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 19 тұрғын таңдаған –  оның ішінде 8 іс бойынша қарыздарды қайта құрылымдау жоспары бекітілген, – дейді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Қойшинов.

Жалпы 2023 жылы күшіне енген заңда үш түрлі рәсім қарастырылған:

– Соттан тыс банкроттық – қарыз мөлшері 1 600 АЕК-ке дейін болған жағдайда, 12 ай ішінде төлем жүргізілмесе және тіркелген мүлік болмаған кезде қолданылады. Өтініштер Egov порталы немесе ХҚКО арқылы беріледі. Рәсім алты айға дейін созылады. 

– Сот банкроттығы – қарыз мөлшері 1 600 АЕК-тен асқан жағдайда жүргізіледі. Бұл рәсім қаржы басқарушысының қатысуымен өтеді. Жалғыз баспана кепілде болмаса, азаматтың өзінде қалады. 

– Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – банкрот деп танылмай, қарыздарды бес жылға дейін бөліп төлеуді көздейді.

Қазыбек Қойшинов атап өткендей, банкрот деп танылған азаматтар бес жыл ішінде жаңа несие рәсімдей алмайды. Қайта банкроттық рәсімі тек жеті жылдан кейін мүмкін болады. Сонымен қатар алимент, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу және қылмыстық айыппұлдар бойынша міндеттемелер жойылмайды.

Кеңес алу үшін өңір тұрғындары Өскемен қаласы, Пермитин көшесі, 27-үй, 108-кабинет мекенжайындағы МКД-ға жүгіне алады немесе 8 (7232) 70-15-58, 24-25-62 телефондары арқылы хабарласа алады.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив