2,1 млрд теңгеге 10 денсаулық сақтау нысаны жөнделеді – ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 11:56 0

Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналып келеді. Өткен жылы 7 денсаулық сақтау нысаны 2,5 млрд.теңгеге жөнделген болса, биыл тағы 10 нысан 2,1 млрд. теңгеге жөнделмек, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Шығыс Қазақстан облысы кадрларға, технологиялар мен инфрақұрылымға ден қойып, денсаулық сақтау саласын жаңғырту қарқынын біртіндеп арттыруды жалғастыруда. 

– Медицина – бұл қарқынды дамып келе жатқан сала. Ғылымның соңғы жетістіктері дәрігерлердің қолында болуы керек және адамдардың денсаулығы үшін қызмет етуі керек. Бүгінгі таңда медицина қызметкерінен тек адалдық пен кәсібилік қана емес, сонымен қатар тұрақты даму, медицинаның соңғы жетістіктерін, жаңа технологияларды енгізу талап етіледі, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Осылай деген аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімінде облыстың денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстар мен болашақ жобалар туралы айтып берді.

Мәселен, 2025 жылы өңірде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасын жүзеге асыруға 420 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат басым бағыттар бойынша 72 маманды оқытуға бағытталған. ШҚО-да кадр тапшылығын жою мақсатында жұмыс жүйелі түрде жүріп келеді. 2024 жылы 15 тапшы маманға  ең төменгі 100 жалақы мөлшерінде біржолғы қаржылай қолдау көрсетілсе, биыл тағы 14 дәрігерге берілген. 

Өңірдің денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңарту жалғасуда. Мәселен, 2024 жылы 21 медициналық ұйым 3,3 млрд.теңгеге 456 бірлік жабдық алса, тағы 18 мекеме 4,8 млрд теңгеге жабдықталған. 

Аудандарға ерекше назар аударылуда. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 35 жаңа нысан салынса, жыл соңына дейін Шемонаиха ауданында тағы бір нысанның құрылысы аяқталмақ. 

2025 жылы өңір бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Негізгі нысандардың қатарында 200 төсектік стационары бар гематология орталығы мен көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы, Риддерде ауысымына 500 адамға есептелген жаңа емхана салынуда. Сонымен қатар, облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусы жаңғыртылуда. Сондай-ақ, ана мен бала орталығының перзентхана ғимаратын қайта жаңарту жүргізілуде және жақында Қасым Қайсенов кентінде 150 адам қабылдайтын жаңа емхана пайдалануға берілді.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив