Жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Семей қаласында Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өткізді.
Кеңесте өңірлерді дамыту саясатын жүзеге асырудың жаңа тәсілдері қаралды.
2028 жылға дейін үш өңірде ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия кешені, туризм және қайта өңдеу салаларында жалпы құны 6,5 трлн теңге болатын 102 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Өңдеуші өндірістерді, ШОБ кластерлерін және туристік аймақтарды: Катонқарағай, Зайсан, Алакөл, Шүлбі су қоймасы және басқаларын дамыту қажеттілігі атап өтілді.
Кеңесте айтылғандай, жобаларды жүзеге асыруда шекара маңы ағындарын ескере отырып, өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану маңызды. Ауылдар мен моноқалаларды қолдауға ерекше назар аудару қажет.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында «Amanat» партиясы мен әкімдіктер ауылдардың мамандануын анықтау арқылы скрининг жүргізуді аяқтады. Вице-премьер ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды және ауылдарда шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыруды скрининг нәтижелері негізінде бастауды тапсырды.
Қанат Бозымбаев облыс әкімдерінің есептерін тыңдады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, өңір инвестиция тарту, әртараптандыру, экономиканы өсіру, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында өңірлік жобалық кеңсе құрылған, барлық қала және аудандар үшін 2,8 трлн теңгеге экономикалық өсім нүктелерінің бесжылдық жоспарлары мен ауылдық округтерге арналған «Жол карталары» бекітілген. Бұл жоспарлар 2026–2030 жылдарға арналған қала және аудан даму жоспарларына интеграцияланатын болады.
«Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, біз облысымыздың дамуы үшін келесі басым бағыттарды байқаймыз: логистика, туризм, инфрақұрылым, өнімді өңдеу, цифрландыру», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, өңір экономикасының өсуі мен инвестиция тарту бойынша қойылған міндеттердің орындалуына қалалар мен аудандар әкімдерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында облыста KPI көрсеткіштері бойынша әкімдіктердің рейтингтік бағалау жүйесі енгізілген.
Кеңес қорытындысы бойынша өңір әкімдіктеріне және тиісті министрліктерге бірқатар тапсырмалар берілді.