Өскеменде «Human Capital - 2025» деп аталатын жұмыс берушілер форумы өтті.
Іс-шара барысында әлеуметтік серіктестер «Үздік жұмыс беруші» аталымымен марапатталды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған шара С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында өтті. Қатысушылар тәжірибеге негізделген оқытудың маңыздылығы, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының өзектілігіне сай күйге келтіру және болашаққа қажетті дағдыларды қалыптастыру жөнінде ой бөлісті.
Облыстық полиция департаменті университеттің білікті мамандарын даярлау саласындағы сенімді серіктестері ретінде аталмық іс-шараның негізгі қатысушыларының бірі болды.
Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Тақжанов Қазбек Мұхтарұлы құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындарының өзара тұрақты іс-қимылының маңыздылығын ерекшелеп, университетпен бірлескен жұмыстың нәтижелерін атап өтті.
«С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – біздің сенімді серіктесіміз, бұл әріптестіктің нәтижелері қазірдің өзінде көрініп жатыр, түлектердің көпшілігі Ішкі істер органдарына сәтті қабылданып жатыр. Біз бұл диалогты жоғары бағалаймыз. Полиция департаменті құқық қорғау жүйесіне мықты, әрі ынталы кадрлық резервті қалыптастыруға белсенді қатысуға дайын», - деді Қазбек Мұхтарұлы.
Форум барысында әлеуметтік серіктестерді «Үздік жұмыс беруші-2025» номинациясымен марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар тізімінде ҚР Ұлттық ядролық орталығы, ШҚО Полиция департаменті, «VK LAB SERVISE» ЖШС, «Ақ Ниет» мектеп-интернаты, Балалар музыка мектебі және Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей бар.
Қортынды сөз тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, саяси ғылымдар докторы "Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті" КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы-Әмірхан Рахымжановқа берілді.
«Жұмыс берушінің рөлі бизнестен де кең. Сіздер жұмыс орындарын ашып қана қоймай, таланттарды дамытып, жаңа мәдениетті қалыптастырасыздар. Сондықтан бүгінгі шешімдеріңіз ертеңгі еңбек нарығына тікелей әсер етеді», - деді Әмірхан Рахымжанов.