Ел аумағындақұрамында алтын бар кенді заңсыз өндірген 5 кәсіпорын анықталып, жұмысын тоқтатты. Олардың біреуі Шығыс Қазақстан облысы аумағынан ұсталған. Ал қалғандары Абай, Жетісу және Түркістан облыстарында алтын құрамды материалдарды заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Бас прокуратураның үйлестіруімен Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында алтын құрамды материалдарды заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан бес кәсіпорынның қызметін тоқтатты.
– Тексеру барысында бұл компаниялардың тек геологиялық барлау жүргізуге лицензиялары бола тұра, арнайы техника мен өндірістік жабдықтарды пайдалана отырып, алтын құрамды кенді кең көлемде заңсыз өндіргені анықталды. Жүргізілген тінту шаралары барысында 6 700 тоннадан астам алтын құрамды кен, 300 тонна сұйық кен (пульпа), 120 тонна селитра, сондай-ақ жарылғыш заттар мен детонаторлар тәркіленді. Сонымен қатар оқиға орындарынан 45 бірлік арнайы техника алынды. Полицияға 62 адам, оның ішінде бірнеше ЖШС директорлары мен құрылтайшылары жеткізілді, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша құрамында бағалы металдар бар шикізаттың заңсыз айналымы фактілері бойынша бес қылмыстық іс тіркелген. Олардың мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілгені анықталған.