Шығыс Қазақстан өңірінде ауарайы күрт өзгерді. Ауарайының суытуына байланысты «Қазгидромет» өңір тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Тіпті, Алтайдың төрі Катонқарағай өңірінде қар жауып қалған. Сондықтан аудан тұрғындарына алыс жолға шықпау керектігі ескертілді.
– Катонқарағай аудандық полицияя бөлімі ауарайының қолайсыздығына байланысты алыс жолға шықпауларыңызды сұрайды, – деді Катонқарағай ауданы әкімдігі өзінің әлеуметтік желідеге парақшасында.
Ал «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, 18 сәуір күні өңір аумағында қолайсыз ауа райы күтіледі. Облыстың барлық аумағында жаңбыр мен қар жауады, солтүстік, шығыс және оңтүстік аудандарда жауын-шашынның қатты түсуі мүмкін. Сонымен қатар көктайғақ пен тұман болады.
Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында қалың тұман күтіліп отыр. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнгі уақытта -1...-6 градусқа дейін төмендеп, күндіз +5...+10 градусқа дейін ғана жылынады.
Мамандардың айтуынша, мұндай ауа райында тұрғындар барынша сақ болуы қажет. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, ара қашықтықты сақтау, барынша мұқият болу керек. Жаяу жүргіншілерге көктайғақтан жарақат алу қаупін азайту үшін таймайтын аяқ киім кию ұсынылады.