Сенаторлар жұмысшы мамандардың ұстаханасына барды – ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР 18-04-2025, 09:33 0

Елімізде жұмысшы мамандықтардың маңызы артып келеді. Бұл саланы жетілдіруге Үкімет тарапынан да талаптар күшейді. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген сенаторлар өңірдегі техникалық мамандарды даярлау бойынша жобалардың жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің делегациясы келді. Делегация құрамында — Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бырганым Айтимова, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов бар.

ШҚО әкімдігінде Сенаторлар кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті. Аймақа басшысы сенаторлармен кездесу барыныснда өңірдегі жұмысшы мамандар даяялау барысын баян етіп, бұл бағытты қолдауға басымдылық беріліп отырғынан айтты.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – жай ғана символикалық қадам емес. Бұл – еңбек адамына деген институционалдық құрметтің көрінісі. Шығыс Қазақстанда біз бұл бағыттағы жұмысты нақты көрсеткіштер мен кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сүйене отырып жүргізіп келеміз. Бүгінде облыс экономикасының негізін машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары құрайды. Осы салаларды кадрлармен қамтамасыз ету – басты мақсатымыз, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыстың 38 колледжінде 20 мыңнан астам студент 101 сұранысқа ие мамандық бойынша білім алуда, олардың төрттен бірі жұмысшы мамандықтары бойынша оқиды. Колледж студенттерінің 23%-ы жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Өңірде дуалды оқыту жүйесі жүйелі түрде енгізілуде – 27 колледжде және 448 кәсіпорында 5 мың студент білімін тікелей өндірісте алуда.

– Өңірдегі кадр мәселесін жүйелі түрде шешу үшін 2024 жылдан бастап алғаш рет «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын іске қостық. Бағдарлама ең алдымен жылу энергетикасы саласындағы мамандарға арналған. Бұл – бір жағынан еңбекке ынталандыру болса, екінші жағынан өңірге кадр тартудың тиімді құралы. Бағдарламаның нәтижесі оң болған жағдайда, оны кеңейту жоспарлануда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сенаторлардың сапарларының мақсаты – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық мамандарды даярлау бойынша жобалардың жүзеге асу барысымен танысу. Осы мақсатта облыстық мәслихат депутаттарымен, мүдделі басқармалар мен департаменттердің басшыларымен кездесу өткізіп, өңірдегі жұмысшы мамандықты даярлаудың жай-күйіне тоқталды. 

Сонмен қатар кәсіби білім беру, кадрлар даярлау және өңірдің өндірістік кәсіпорындарымен ынтымақтастық мәселелерін де талқыға салды. 

Сенаторлар Шығыс Қазақстан өңірінде автомобиль көлігі саласындағы мамандарды даярлау жобасына тереңірек талқылады. Бұл жоба Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Тяньцзинь кәсіптік университетімен (ҚХР) бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – қытайдың озық технологияларын енгізу және халықаралық үздік тәжірибелерді Қазақстан білім беру жүйесіне бейімдеу. 

Сондай-ақ делегация заманауи жабдықтармен және технологиялармен жабдықталған техникалық дайындықтың негізгі алаңдарының бірі — Лу Бань шеберханасын да аралап көрді. 

Осылайша заң шығарушы билік пен білім беру саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға атсалысып, жұмысшы мамандықтардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталды.


 


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив