Елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбегімен елге танылған есімдер ұлықталуда. Атаулы жыл аясында Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Туған жерін ұлықтаған» автордың шығармашылығы мен кейіпкерлері жайынан сыр шертен келелі кездесу өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Туған жерін ұлықтаған» атты кездесу Шығыс Қазақстан техникалық университетінің оқытушысы, өлкетанушы, қоғам белсендісі Алпамыс Айтқазыұлы Тоқсанбайдың еңбектерін талқылауға арналды. Автордың «Катонқарағай балуандары», «Үлкен Нарын балуандары», «Катон-Қарағай автобус жүргізушілері» және орыс тіліндегі «Автобусники Большенарымского АТП» атты кітаптары оқырман қауымға жақсы таныс.
– Кездесу барысында жазылған кітаптардың ерекшелігі мен құндылығы жайлы сыр шертілді. Кешке кітап кейіпкерлері мен олардың ұрпақтары, спортшылар мен ардагерлер, студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Автор шығармаларында еңбегі елеусіз қалып жүрген еңбек адамдары – автобус жүргізушілері мен спорт саласының өкілдеріне деген шынайы құрметін жеткізген. Жинақтарда 80-ге жуық балуан мен 40-тан астам жүргізушінің өмір жолы мен кәсіби жолындағы естеліктері қамтылған, – дейді кітапхана қызмкерлері.
Алпамыс Айтқазыұлы – 1971 жылы ШҚО Катонқарағай ауданы, Өрел ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмәмдап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аспирантурасында білімін жалғастырған. Бүгінде облыстың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып жүрген ұстаз-өлкетанушы әрі тіл жанашыры.
Кездесу барысында автордың шәкірттері орындаған күйлер мен композитор Маржангүл Маниярованың орындауындағы ән кеш ажарын аша түсті. Шара соңында автор оқырманмен ашық сұхбат құрып, жас буынға ізгі тілегін жеткізді.
Бұл кездесу – еңбекке деген құрмет пен елге қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтауға арналған тағылымды шара болды.