Өткен жылы облыста еріктілердің бастамасымен бес мыңнан астам адамды қамтыған 685 іс-шара өтті. Бастамашыл жастар әсіресе экологиялық бағыттағы жұмыстарға белсене қатысуда, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бүгін «Jastar Oskemen» комьюнити орталығында еріктілердің өткен жылы атқарған жұмысы қорытындыланды. Сонда айтылған деректерге сүйенсек, Шығыс өңірінде қазір 2 044 волонтер бар. 2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясы, «Жақсылық марафоны» және тағы басқа игі іс-шаралар легі 5,2 мың адамды қамтыды. Яғни өңірдің осынша тұрғыны аймақ экологиясының жақсаруына үлес қосып, қайырымды істерге атсалысты.
Сондай-ақ еріктілер өткен жылдың ақпанында аязды күндері тұрғындарға көмек көрсетіп, 50-ден астам акция ұйымдастырды. Ал сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында еріктілер Өскемендегі «Қазақстан» аталып кеткен тауға 600 көшет екті. Ұлан ауданындағы Асубұлақ орман шаруашылығының аумағына 22 мыңнан астам көшет егілді.
Экология апталығы аясында өткен жылы 8-12 шілде аралығында «Таза жағалау», «Таза қала», «Туған жер – киелі мекенім» акциялары өткізілді. Жастар күніне орай «Біргеміз: әрекет уақыты» атты оқу семинары, «Игі іс жастарды біріктіреді», «Жақсылық жаса» акциялары ұйымдастырылды.