Қазіргі уақытта цифрлық технология тетігін меңгерудің маңызы артып келеді. Осыған орай Oskemen Hub базасында ауыл әкімдерін арнайы қайта даярлау курсының аясында өңірлік басқарудағы цифрлық шешімдерге арналған шеберлік сабағы өтті.
Шеберлік сабағы заманауи технологиялар мен интеллектуалды шешімдерге негізделген басқару тәсілдерін дамытуға бағытталған.
– Шеберлік сабағының негізгі мақсаты – басқару тиімділігін арттыру үшін цифрлық сервистер мен интеллектуалды жүйелерді енгізуге қажетті практикалық құралдар мен білімдермен бөлісу, – дейді Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы.
Ауыл әкімідеріне Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласындағы үздік жобаларды таныстырып, нақты мысалдар көрсетті. Бұл жобалар өңірлік деңгейде тиімді басқару мен азаматтармен өзара байланыс механизмдерін жақсартуға бағытталған.
Спикерлер цифрлық технологиялардың болашағы мен оның жергілікті деңгейдегі басқару жүйесіне ықпалы жөнінде ой бөлісіп, үлкен деректермен жұмыс, аналитикалық платформалар, тұрғындармен тиімді байланыс құралдары және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мүмкіндіктерін қарастыру жайын баян етті.
Айта кетерлігі, семинарға Шығыс Қазақстан облысының 28 ауыл әкімдері қатысып, ақпараттық технологиялар саласындағы білімдерін жетілдірді. Олар заманауи басқару құралдарын іс жүзінде қолдану арқылы өз өңірлерінде тиімділікті арттыруға мүмкіндік алды.