ШҚО-да балалар үйінің тәрбиеленушілері жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр

ЖАҢАЛЫҚТАР 17-04-2025, 11:11 0

Шығыс Қазақстан облысындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр. 

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге қолдау көрсету мақсатында бір ай бұрын «Samruk Umiti» атты қайырымдылық жобасы іске қосылған. Бұл бастама жастардың өмірлік жолын табуына, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға жол ашуда.

Жобаға Павлодар мен Шығыс өңірін қоса алғанда 100 жасөспірім қатысып жатыр. Шығыс Қазақстан бойынша Өскемендегі «Үміт» орталығы мен отбасылық үлгідегі балалар ауылынан 50-ге тарта бала қамтылып отыр.

Әрбір қатысушыға жеке куратор бекітілген. Олар баланың қабілетін байқап, қызығушылығына сай мамандық таңдауына кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді. 

Бағдарламада электромонтер, слесарь, байланыс операторы, электровоз машинисі сынды еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтар бар. Жасөспірімдер колледждер мен кәсіпорындарды аралап, таңдаған кәсібінің іс жүзінде қандай екенін көре алады.

Бұған қоса, қатысушылар үшін қаржылық сауаттылық, жеке ресурстарды тиімді басқару және өзіндік сенімділікті арттыруға бағытталған курстар ұйымдастырылған. Бұл - олардың дербес әрі жауапты өмірге дайындығын нығайтудың маңызды бөлігі. Мысалы, қаржылық сауаттылық сабағында жастар апталық бюджетке сай келетіндей тапсырмаларды, нақты айтқанда супермаркетте азық-түлікті сатып алуды жоспарлау арқылы орындайды.

«Біз бұл балалар тек білім алып қана қоймай, алдарында жарқын болашақ бар екенін сезінсе дейміз. Олар өз таңдауларын саналы түрде жасап, армандарына сенімді түрде қадам бассын деген ниеттеміз», - деді жобаны жүзеге асыратын «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева. 

Бағдарлама соңында қатысушыларға «Самрұқ-Қазына» қорының қарамағындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға көмектесу жоспарланған.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив