Тұрғындар саны көбейіп келе жатқан Қасым Қайсенов кентінің мектептеріне оқушы сыймай бара жатыр. Жүктеме көп. Кенттегі екі мектептің бірі екі жыл бұрын ашылған. Алайда 320 орындық жаңа мектептің бір бұрышы шөге бастапты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақатағанов екі жыл бұрын салынған мектепті толық аралап көрді. Қазір мектептің бір жақ бұрышы шөге бастаған. Бұған көктемгі еріген қар суының жиналуы әсер еткен көрінеді. Нысанды салу барысында топырақтың ерекшелігі де ескерілмегені белгілі болды.
– Кешенді тексеру жүргізіп, мектеп ғимаратының ақаулы тұстарын анықтау қажет. Жөндеу жұмыстарын жазғы демалыс кезінде жүргізген жөн – бұл оқушылардың оқу процесіне кедергі келтірмейді. Оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы – біз үшін басты басымдық, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов аймақ басшысына оқушылар екі ауысыммен оқып жатқанын, мектептерде орын тапшылығы бар екенін айтты. Бұл мәселені шешу үшін 600 орындық жаңа мектеп жобасының құжаты әзірленіп жатқаны белгілі болды. Жаңа білім мекемесі аудан орталығындағы мектептердің шектен тыс жүктемесін азайтады.