Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде салынып жатқан аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан 150 адамға шақталған. Аудан тұрғындары әлі күнге дейін тұрғын үйдің екінші, үшінші қабатындағы тар кабинеттерді жағалап дәрігерлерге қаралады. Сондықтан ұландықтар аурухананың ашылуын асыға күтуде, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов құрылыс алаңына барып, салынып жатқан нысанды көрді. Аурухана құрылысының негізгі бөлігі аяқталған. Мамандар қазір нысан ішін әрлеу, ауланы абаттандыру және кіреберіс жолдарды жөндеу секілді жұмыстарға кіріскен.
– Адамдар өз ауылында еңбек етіп, сонымен қатар сапалы медициналық қызметті де лайықты деңгейде алуы тиіс. Бұл – біздің басты қағидатымыз. Жаңа емханада лифттер орнатылады. Бұл – әсіресе егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін аса маңызды. Емхананы уақытында аяқтау керек, тұрғындар асыға күтіп отыр, – деді аймақ басшысы.
Жаңа ауруханада бактерологиялық зертхана, рентгенологиялық жабдықтар, эндоскопиялық құралдар және заманауи аппараттар болады. Сондай-ақ мұнда алты орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.
– Медициналық мекеме 150 адамға арналған. Жаңа емханада жұмыс істейтін мамандар даяр. Көп кешікпей аудан тұрғындарына қызмет көрсете бастаймыз. Мамандар жетіспеушілігі болатынын алдын ала ескеріп, Семейдегі медициналық университтің резиденттерімен сөйлесіп, бұл мәселенің шешімін таптық. Алдағы уақытта Түркістанға арнайы барып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне де қатысып, медицина мамандарын шақыруды да жоспарлап отырмыз, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Қайрат Өскенбаев.
Бас дәрігердің айтуынша, аурухана құрылысы осы айдың аяғында аяқталауы тиіс. Ал облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мердігерлергі жұмысты уақытанда аяқтауды тапсырды.