ШҚО-да ауыл балаларына арналған олимпиада өтеді

ЖАҢАЛЫҚТАР 6-03-2025, 10:22 0

Ауыл оқушыларына арналған республикалық IQanat Олимпиадасының ІІ кезеңі Шығыс Қазақстанда өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

26 наурызда білім сайысына өңірдегі ауыл мектептерінен 309 оқушы қатысады. Ал республика бойынша бұл кезеңде 10 мыңға жуық бала бақ сынайды. 

«Бұл балалардың 70 пайызына жуығы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар. Бұл санның 91%-ы көпбалалы отбасылар болса, 13%-ға жуығы толық емес, 4%-ға жуығы әрі көпбалалы, әрі толық емес отбасылар», - делінген ақпаратта.

Екінші кезеңде оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сынды пәндер бойынша тест тапсырады. Дәл осы кезеңде финалға өтетін 1000 бала іріктеледі. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдагы IQanat мектеп-пансионатына тегін оқуға қабылданса, екінші бөлігі олимпиададан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына енеді. Мұнда балалар ҰБТ-ға, халыкаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін, ІТ дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін және баскаларды меңгереді.

Мықты академиялық дайындықтың арқасында IQanat бағдарламасымен білім алған балалардың 90 пайызы еліміздің және шетелдің үздік университеттеріне грантқа оқуға түседі. Қазір IQanat түлектері әлемнің 15 елінде білім алып жатыр.

Жүз елуден астам кәсіпкер қолдайтын IQanat жобасы дарынды ауыл балаларының алаңсыз білім алуына жол ашып келеді.


 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив