БЖЗҚ зейнетақы активтеріндегі инвестициялық кіріс шығындарын есептеп, қаңтар айында кіріс минус 284,86 миллиард теңге болғанын мәлімдеді.
Қор мәліметінше, шетелдік валюталар бағамының жиі құбылуына және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты осындай теріс көрсеткіш пайда болған.
«Негізгі себептері – теңгенің АҚШ долларына қатысты 525,11-ден 518,14 теңгеге дейін нығаюынан болған валюталық қайта бағалау, сондай-ақ Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының (МБҚ) нарықтық құнының, олардың кірістілігінің орташа есеппен 40 базистік пунктке өсуі аясында төмендеуі. Сонымен қатар, шетелдік нарықтарда сатып алынған активтердің де нарықтық құны азайды», - делінген хабарламада.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы салымшылар (алушылар) шоттарына бөлінген кірістілігі 15,66 пайыз, ал осы кезеңдегі инфляция 8,90 пайыз болған.
«2025 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылар (алушылар) шоттарына бөлінген кірістілігі (-)1,25 пайыз болды», - делінген хабарламада.
Жалпы, Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22,28 триллион теңге болған. Портфельдің негізгі үлесін Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары алады. Олардың қаңтар айындағы үлесі 41,40 пайыз болды.