Шығыс өңіріне биыл мемлекеттік квота аясында 269 қандас көшіп келді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Көшіп келген отбасыларды қолдауға 362 миллион теңге бөлінген. Оның 65 миллионы көшу шығындарын өтеуге, 6 миллионы жалдамалы тұрғын үй ақысына, ал 291 миллионы баспана сатып алуға арналған сертификаттарды қаржыландыруға жұмсалыпты.
- Келушілердің көпшілігі Глубокое ауданына қоныстанып жатыр. Мұнда қазірдің өзінде 21 отбасы баспана сатып алды. Біз қандастарды тек тұрғын үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды жұмыспен қамтуға да көмектесеміз. 2024 жылы 138 адам жұмысқа орналасты, тағы 5 адам өз ісін бастау грант алды, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Мусинова.
Қандастардың кәсіпкерлік бастамалары да мемлекеттің қолдауына ие болып жатыр. Олардың қатарында Өскемендегі домбыра үйрету орталығы, қазақ қолөнер бұйымдарын өндіру, Глубокое ауданындағы кондитерлік цех, Катонқарағай ауданындағы қонақ үй бизнесі, Зайсан ауданындағы мал азығын өндіру жобасы сияқты бірнеше маңызды бастама бар.
Ал 2025 жылға қарай қоныс аударуға 35 өтініш қабылданды, оның 24-і мақұлданды. Бұл дегеніміз, келесі жылы 41 қандас Шығыс Қазақстан тұрғыны болады деген сөз.
Қоныс аударып келгендердің Қазақстанға тез бейімделуіне көмектесу үшін цифрлық қолдау құралдары да іске қосылды. FSMSocial мобильді қосымшасы заңгерлік, медициналық және білім беру қызметтерін алуға көмектеседі. Сонымен қатар, ал Бейімдеу орталығы уақытша баспанамен және қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді.