Шолақорда ауылының футзал командасы Шығыс Қазақстан облыстық әуесқой командалар арасындағы ашық чемпионатта екінші орын алды.
23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының футзал командалары арасында үш ай бойы өткен XVIII ашық чемпионат қорытындыланды. Нәтижесінде үшінші лига командалары арасында Үлкен Нарын ауданының құрама командасы – бірінші, ал Тарбағатай ауданының құрама командасы үшінші орын алды. Осы аталған бір-бір ауданның үздіктерінен құралған ұжымдардың ортасында Шолақорда ауылының командасы екінші орынға табан тіреді.
– Ерекше айта кететіні, команда сапындағы ойыншылардың бәрі осы Шолақордада туып-өскен балалар. Бәріміз бала күнімізден көгалда доп ойнаған доспыз. Биыл өз күшімізбен жарысқа қатысып, дайындалуға спортзал жалдап, ауылымыздың атын асқақтатуға бел байладық. Ауылымыздың азаматтары әр матч сайын жанкүйерлер секторынан табылып, рухани да, қаржылай да қолдау білдірді, оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алғаш рет облыстық чемпионатқа қатыссақ та биік мінберден көрініп, күміс медальға ие болдық, – деді команданың капитаны Мұрагер Бердібек.
Қорытынды кеште чемпионатта көзге түскен ойыншылар да марапатталды. «Шолақорда» командасының ойыншысы Мансұр Берді «үздік шабуылшы» номинациясын алды.
Шолақорда аяқдопшылары бұған дейін Тарбағатай ауданының көптеген жарысында жүлделі болған. Атап айтқанда, Жаңалық ауылында Есенгелді бабаның асында үшінші орын, Маңырақ ауылындағы ауыл күнінде екінші орын, Жамбыл ауылы ұйымдастырған турнирде бірінші орын, Тәуке ауылының азаматтары Өскемен қаласында ұйымдастырған аудандық турнирде үшінші орын, Шолақорда ауылындағы шағын футбол алаңы ашылған жарыста екінші орын алған.