Шығыс Қазақстанда 2025 жылы ветеринария саласындағы іс-шараларға 1 миллиард 922 миллион теңге жұмсалады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовтың айтуынша, мамандар биыл 1,2 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізбек. Бұған бруцеллез бен аусылға қарсы тексеру де жұмыстары да кіреді. Эндемиялық аурулармен күрес аясында 14 мың бас ірі қара малды, 60 мың бас ұсақ малды және 60 мың жылқыны вакцинациялау жоспарланған. Екі миллиардқа жуық қаражат осы жұмыстарға жұмсалмақ.
– Бұл қаражат жануарлар арасында инфекциялық аурулардың алдын алу, диагностика және вакцинация жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Атап айтқанда, аса қауіпті аурулардан, оның ішінде құтырма, бруцеллез, пастереллез және сібір жарасынан қорғау үшін шаралар қабылданады. Жалпы, 4,7 миллион доза вакцинациялау жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аздау, себебі жыл өткен сайын жануарлар арасында аурулар саны азайып келеді, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.