«Onay» Өскеменге келді. Қандай артықшылығы бар?


ЖАҢАЛЫҚТАР 13-02-2025, 13:13 0

Өскемендегі қоғамдық көліктерге «Onay» жүйесі орнатылады. Дәл қазір бірнеше қалада жұмыс істеп тұрған бұл жүйені «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС әзірлеген. Аталмыш компанияның бас директоры Дәурен Сәбитов жүйе жұмысы туралы мағлұмат берді.

Қазір көлік холдингінің мамандары Өскемендегі маршруттардың электронды сызбасын әзірлеп, автопаркте құрылғыларды орнатып жатыр. Дәурен Сәбитовтің айтуынша, алдағы уақытта маршруттар сараланып, тиімді-тиімсіз бағыттар анықталуы мүмкін. Бұл үшін мамандар «Onay» жүйесінің мобильді қосымшасында жинақталатын мәліметтерге сүйенеді. Жолаушылардың қозғалысын бақылап, бағыттарды нақтылау үшін біршама уақыт қажет екенін айтты маман.

«Onay» қосымшасында не бар?

«Onay» жүйесінің мобильді қосымшасы арқылы көлік картасына қаражат толтырып, балансты тексеріп отыруға болады. Көлік картасын жолаушылар кез келген банк картасын қосымшаға байлау арқылы толтыра алады.

Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы автобус қозғалысын бақылауға мүмкіндік бар. Қазір өскемендіктер қоғамдық көліктердің қозғалысын жеке қосымша арқылы көреді. 

«Onay»-да бағыттар туралы да толық мағлұмат бар. Бұл қаланы жатқа білмейтін жолаушылар үшін қолайлы.

«Onay» картасы қанша тұрады?

«Onay»-дың жеңілдікті картасы – тегін. Өскемен әкімдігі бұл санат бойынша жүз мың картаға тапсырыс берген. Ал қарапайым карта бірінші рет алғанда 800 теңге, екінші рет тапсырыс берілсе 1800 теңге болады.

Oskemencard-та қалған ақшаны не істейміз?

Жолаушылар қазір қолданып жүрген картадағы қалдық ақша қайтарылады. Бұл үшін Қазақстан көшесіндегі трамвай паркіне және Жібек жолындағы Жастар орталығына бару керек.

«Onay»-ға қашан ауысамыз?

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жаңа жүйе наурыз айында толық енгізіледі. Бірақ ескі жүйе бірден өшіп қалмайды. Құрылғылар күндізгі қарбалас кезде емес, жолаушылар азайғанда түнгі мезеттерде біртіндеп алмастырылады.

Жаңа жүйеге қанша қаражат жұмсалады?

Өскемен әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов жаңа жүйені енгізуге бюджет қаражаты жұмсалмайтынын айтты. Бұл жұмысты «Алматы қаласының көлік холдингі» өз есебінен жүргізеді. Компанияның бас директоры Дәурен Сәбитов Өскемендегі жолаушы тасымалдаушы компаниялардың барлығымен келісімге келгенін мәлімдеді.


 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив