Sergek Group бас директоры Евгений Ким жол қауіпсіздігін арттыру үшін айыппұл сала бермей, марапаттау жүйесі арқылы жүргізушілерді ынталандыруды ұсынды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Мұндай әдіс халықаралық тәжірибеде бар көрінеді.
– Германияда апатқа түспеген жүргізушілерге сақтандыру жарналарына жеңілдіктер беріледі: неғұрлым ұзақ уақыт жол-көлік оқиғасына түспеген жүргізуші болса, соғұрлым оның сақтандыру төлемдері төмендейді. Сингапурда жол ережесін сақтаған жүргізушілерге жеңілдіктер қарастырылған. Егер жүргізуші белгілі бір уақыт ішінде ереже бұзбаса, оған сақтандыру полисіне жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар беріледі. Канадада сақтандыру компаниялары қауіпсіз жүргізуді ынталандыратын бағдарламаларды ұсынады. Арнайы телеметриялық құрылғылар немесе мобайл қолданбалар арқылы жүргізушінің стилі бақыланып, қауіпсіз жүргізген азаматтарға 25%-ке дейін жеңілдік беріледі. Австралияда да осындай бағдарламалар енгізілген. Мұндай бастамалар жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтады, – деді Евгений Ким Астанада өткен «Қазақстандағы қалалық мобильдікті дамыту» форумында.