5 ақпанда Алтай ауданының Серебрянск қаласындағы девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған мектеп интернатынан төрт бала қашып кеткен. Облыстық білім басқармасының өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Мектеп әкімшілігі қалалық полиция бөліміне хабар берген соң көп ұзамай тәрбиеленушілер табылған.
– Үшеуі Серебрянск қаласындағы, біреуі Алтайдағы ауруханаға жеткізілді. Екі бала тексеруден кейін арнайы мектепке қайтарылды. Қазір мектеп әкімшілігі мен полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр, – деді облыстық білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің бас маманы Риза Райсқанова.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленова тәрбиеленушілердің мектептен қашуына түрткі болуы мүмкін жағдайларды айтты.
– Девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған мектеп жабық мекеме болып саналады. Мінез-құлқы өзгеше балаларды шектеу қиын. Мәселен, олар мектепке барып, мекеме аумағында серуендесе де, сыртқа шыға алмайды. Тәрбиеленушілердің қашуына осы жағдай әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ бұл жабық мекеме болғандықтан қызметкерлер тарапынан өрескелдік болуы да мүмкін. Бірақ бұл болды деген сөз емес. Істің мән-жайы анықталып жатыр, – деді маман.