Марқакөл ауданына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан әкімі Ермек Көшербаев ең шалғай елді мекен Шанағатының тұрғындарымен кездескен. Бұл жерде ауызсумен қамту, интернет тарту, жол және медициналық пунк салу секілді мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Облыс әкімі су мәселесін жаздың ортасына дейін шешуді тапсырды. Ал Марқакөл мен Шанағаты арасындағы 25 шақырым жолды жөндеуге шамамен үш жүз млн теңге қажет көрінеді. Бұл мәселені жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары қарайтын болды.
Өңір басшысы шекара шебінде тұрған Шанағатыда медициналық пункт салуды тапсырды.
Ауылды дамыту үшін тұрғындарға жер беру жағы қаралады. Биыл Марқакөл ауданында 12 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Жиында тұрғындарға жерді игеруге арналған жобаларды түсіндіру қажет екені айтылды. Жұмыс күші тапшы елді мекенге оңтүстіктен адам әкелу болады.
Облыс әкімі Шанағаты ауылында комьюнити орталығын құруды ұсынды, бұл шекара маңындағы елді мекенге тұрғын шоғырландыруға сеп болмақ.