Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылындағы мал ұрлығы мәселесі қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Адал малынан айырылған ауыл тұрғындарының жанайқайы Парламент Мәжілісінің мінберіне дейін жеткенін білесіздер.
Күдіктілер тергеуге алынды ма? Көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қылмыс жуық арада ашыла ма? Мұндай сұрақтар қазір көп адамның көкейінде жүр.
Катонқарағай ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы бүгін осы мәселеге байланысты екі адамның қамауға алынғанын хабарлады.
БАҚ жарияланымдарының біріне қалдырған ресми жауабында аудан әкімдігі былай деп жазады:
“Катонқарағай ауданы, Ішкі істер бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, Шыңғыстайдағы мал ұрылығы бойынша күдікті екі азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа ақпаратты құзіретті органдар ғана жариялай алады” (орфографиясы мен грамматикасы сақталды. ред)