Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Өскемендегі Есенберлин даңғылының бойында салынып жатқан «Келешек мектебінің» құрылысымен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өткен жылы құрылысы басталған 600 орындық мектеп 2024 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі керек болатын. Бірақ жалпы орта білім беретін мектептің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмай, құрылыс жұмыстары 2025 жылы шілде айының соңында аяқталады деп жоспарлануда.
– Өскемен қаласында «Келешек мектебі» жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысымен таныстық. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр дегенменде, осы құрылыстың жылдамдығына деген белгілі бір сұрақтар бар. Енді біз міндетті түрде осы тамыз айында келіп осы нысанды тағы да келіп тексеретін боламыз. Ең негізгісі мемлекет қаржыны уақытында бөліп жатыр, сондықтан құрылыс сапалы және уақытылы аяқталуы керек, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.
Жобаның жетекшісі Владислав Ракульцевтың айтуынша, нысан заманауи мектептің барлық талаптарына сай салынып жатыр.
– Бүгінде құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде ғимараттың қасбетін әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірінші қабаттың қабырғаларын бояу жұмыстары да аяқталуда. Осы аптада мектепке жабдықтар жеткізіледі. Құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаймыз. Мектепте екі спорт зал: балаларға арналған шағын спорт зал және жоғары сынып оқушыларына арналған үлкен спорт зал, сондай-ақ балалардың жайлы оқуына қажетті барлық жағдайлар қарастырылған, – деді Владислав Ракульцев.
Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектеп салу жоспарланған.
– Облыс бойынша «Жайлы мектеп» жобасы аясында 7 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 5 мектептің құрылысы аяқталды, қалған 2 мектептің құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда. Келешек мектептердің жабдықталуы бәрі толығымен заманауи талаптарға сай жүргізілген. Балаларға барлық жағдай жасалған, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанғазы Жұмағазыұлы.