сурет: ҚазАвтоЖол
Еліміздегі ең ірі «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.
Қайта жаңарту жұмыстары осы жолдың 287-1013 шақырым аралығында жүргізілді. Жалпы ұзындығы 768 шақырымнан тұратын жолдың 38 шақырымы І техникалық санатқа, 730 шақырымы ІІ техникалық санатқа ауыстырылды.
– Жоба жұмыстары Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының аймағында жүргізіліп, 16 учаскеден тұрды. Жолды салуға 27 млн текше метр жер төсемі пайдаланылып, 768 шақырым аралықта қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жабыны төселді. Сондай-ақ, 54 көпір, 6 көлік айрығы мен 745 су өткізгіш құбыр орнатылып, демалыс алаңдарында мобильді санитарлық-гигиеналық кешендер салынды. Аталмыш жұмыстарға 1812 бірлік арнайы техника мен 2788 жұмысшы маман жұмылдырылды, - делінген хабарламада.
Бүгінгі күні Талдықорған қаласынан Өскемен қаласына дейін 768 шақырым аралықта толық көлік қозғалысы қамтамасыз етілді.