Алтай ауданында алдағы уақытта туризм саласын дамыту бойынша бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухин ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
– 2023 жылы Прибрежный ауылында жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орталығы мен қонақ үй кешені ашылды. Бұл жоба жеке кәсіпкер Владимир Войтас тарапынан жүзеге асырылып, туристерге тұру орындарымен қатар, түрлі демалыс түрлерін ұсынады. Осы жобаның арқасында ауданның туризм саласындағы қызмет көрсету көлемі екі есе артты, ал бюджетке түскен қаражат 254,9 миллион теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есеге өскен, - деді Заңғар Шаухин.
Алдағы жылдары аудан туризмін дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған. Солардың бірі – Бүркіт тауындағы тау шаңғысы кешенін қалпына келтіру және Бұқтырма су қоймасы жағалауында «Пристань» туристік кешенін құру. Бұл кешен тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар дәріхана, банкомат және шағын наубайхана сияқты қосымша қызметтерімен ерекшеленеді.
Богатырево ауылында эко-туризмді дамыту шеңберінде ЭКО-турбаза жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта бұл жерде қонақ үй жұмыс істеп тұр, ал болашақта екінші қонақ үй салу жоспарланған. Жергілікті тұрғындар мен туристер АПИ-терапия сияқты ерекше қызметтер мен шатырлы лагерьде түнейтін бағыттар арқылы демалуға мүмкіндік алады.
Аудандағы инфрақұрылымды жақсарту бағдарламасы аясында биыл туристік орындарға апаратын жолдарды жөндеу, ауылдарды жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.