сурет: almaty.tv
Семейде орталық алаңдағы шыршаны безендіруге барған мұғалім биіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
– Қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңажылдық шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталды. Олардың арасында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына қайшы келеді, себебі педагогтерді өздерінің тікелей міндеттерінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынған, - деді Облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев.
Қазіргі уақытта зардап шеккен мұғалімге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында.
– Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды. Болашақта осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында білім беру ұйымдарына заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма беріліп, бақылау күшейтіледі, - дейді Нұржан Ахметқалиев.