ШҚО жолаушылар көлігі басқармасы таратқан мәліметке сенсек, бүгіннен, яғни 24 мамырдан Өскеменнен Берелге дейін автобус жүре бастайды. (Алтай қаласы арқылы) Билет бағасы – 4500 теңге. Өскеменнен таңғы 8 шамасында, кері Берелден Өскеменге таңғы 7:30-да қайтады деген ақпарат айтылған.
Әлеуметтік желілер мен жергілікті сайттар жарыса жазып жатқан бұл ақпаратты анықтау Bizdiң Өskemen тілшісі Өскемен қаласы автовокзалына хабарласып көрді. Анықтама қызметі Берелге дейін әзірге билет сатылмайтынын айтты.
- Бүгіннен бастап сиымдылығы орташа Yutong автобусы жүре бастағаны рас. Бірақ автобус аудан орталығы Катонқарағайға дейін ғана барады, билет құны – 3500 теңге, Берелге билет сатылмайды, деді анықтама қызметкері.
Бұл туралы берелдіктер не дейді? Ауыл тұрғыны Самал Сәдуованың айтуынша, Берелден Өскеменге автобус жүргені туристік ауыл үшін үлкен қуаныш.
-Ең алдымен келетін қонақтар саны көбейер еді. Туристерден бұрын ауыл тұрғындарына пайдалы ғой. Такси Өскеменге дейін 10 мың теңге алады, барып-қайтқанымыз 20 мың теңге. Егер жүретіні рас болса, автобусты асыға күтіп отырмыз, дейді Самал.
Бұл сұраққа байланысты ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі ресми жауап берді. Жауапта айтылғандай Әзірге Берелге дейін баратын және қайтатын жолаушылар саны аз болып тұр, сондықтан маршрут аудан орталығы Катонқарағайға дейін ғана жүреді.
- Бірақ, алдағы уақытта жолаушылар саны көбейсе автобус Берелге дейін тұрақты жүретін болады. Автобус 20 орындық. Жазғы уақытта жолаушылар саны артқан жағдайда, 20 орындық автобустың орнына үлкенірек автобус қатынауы мүмкін, дейді әкімдіктегілер.