Шығысқазақстандық ғалымдары халықтың денсаулық көрсеткіштеріне және қоршаған ортаның ластануына байланысты экологиялық-медициналық-биологиялық мониторинг жүргізуді қолға алды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан көптеген антропогендік факторларға ұшырап отыр. Атмосфераға жыл сайын 400 мың тоннадан астам зиянды заттар шығарылатын көрінеді.
Экологиялық мәселелерді шешу мақсатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Гүлназ Садықанова халықтың денсаулық көрсеткіштері мен қоршаған ортаның ластануын қатысты геоақпараттық технологияларды қолдана отырып сапалы экологиялық-медициналық-биологиялық мониторинг жүргізуді ұсынды. Мониторинг нәтижесінде алынған деректер интерактивті картографиялық Атласқа жүктеледі.
– Бізді қоршаған ортаға күн сайын күкірт ангидриді, азот оксидтері, мышьяк, селен, сынап, литий және басқа да токсинді металдардың бөлшектері таралады. Бұл зиянды заттар тағам, ауыз су және атмосфералық ауа арқылы адам ағзасына түседе. Мұны қарапайым адам көзбен көре алмайды, алайда біз құрастырған Атластан бұл көрсеткіштерді кез-келген адам көре алады, – дейді Гүлназ Садықанова.
Атласта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экологиялық және медициналық мәліметтерді қамтитын электронды деректер қоры болады. Гүлназ Садықанова бастаған ғалымдар қазір корреляциялық және регрессиялық талдау жұмыстарын жүргізуде.
Облыс орталығында отыз жылдан бері тұрып келе жатқан ШҚУ профессоры кенеттен пайда болатын аллергиялық жөтел, мұрынның ашуы немесе тамақтың қатты қышуы сияқты жағдайларды жақсы біледі. Сондықтан да бұл күрделі жобаны жүзеге асыруға мүдделі.
– Эколог, биолог, генетик, картография және медицина саласының мамандары бірлесіп құрастыратын Атлас қоршаған ортаның ластануының салдарын көрсететін концептуалды модель құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықтың денсаулығы мен экожүйені сақтауға бағытталған практикалық ұсыныстар береді, – дейді жоба авторы.
Айта кетейік, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бұл алғашқы ғылыми-зерттеу жобасы емес. Математика ғылымдарының кандидаты Мұратқан Мадияров ауа сапасын бағалауға арналған бұлтты қызметті әзірлеуде.
Бұл сервис бөлшекті-стохастикалық теңдеулер негізінде құрылып, «SaaS бағдарламалық қамту» үлгісін қолданады.
– Ауа ластануы мен желдің соғуы туралы деректер SaaS-қызметіне автоматты түрде түседі. Болжау есептеулерін жүргізеді, машиналық оқыту әдістерін пайдалана отырып диффузия коэффициентін автоматты түрде таңдайды және есептеу нәтижелерін веб-интерфейс пен мобильді қосымша арқылы API арқылы үшінші тарап әзірлеушілеріне ұсынады, – дейді Мұратқан Мадияров.
Оның айтуынша, бұлтты сервис экологияда қолданылатын ақпараттық технологиялар саласындағы еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін жоғарылатады.
Сонымен қатар, деректер базасы мемлекеттегі экологиялық мониторинг жүйесінің тиімділігін едәуір арттырады.