Катонқарағай аудандық мәдениет үйінде аудандық “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің конференциясы өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Конференцияға ауылдық округтердің ардагерлері, ауданның құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері және аудан әкімінің аппарат басшысы Қуаныш Құлжынов, аудандық маслихат төрағасы Бейімбет Болаев және ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнара Жақсылықова қатысты.
Конференция барысында президиум мүшелері, 7 адамнан тұратын ақсақалдар алқасы, төраға мен оның орынбасары, хатшы сайланды. Сондай-ақ жиналғандар ардагерлердің қазіргі қоғамдағы рөлі, олардың жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру маңыздылығы және ел дамуына қосқан үлестері жайлы кеңінен талқылады.
- Конференцияның төрағасы болып құқық қорғау органдарының ардагері Амантай Балтабаев сайланды. Дауыстарды санау нәтижесінде 21 адам ардагерлер кеңесінің құрамына кірді. Ал кеңес төрағасы болып Жәнібек Қызыр, орынбасары болып Ертай Кешілбаев, хатшылыққа Роза Әділова тағайындалды, - делінген Катонқарағай ауданы әкімдігінің әлуметтік желідегі парақшасында.
Конференцияның соңында аудан ардагерлерінен құралған “Қазыналы Катонқарағай” ансамблі қонақтарға әсерлі әнін ұсынып, өнерін паш етсе, ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының жетекшісі Серік Жүнісовтің демеушілігімен мерекелік дастархан жайылды.
Мерекелік дастарқан басында аудан әкімі Данияр Бекқазыұлы Дюсембаев ардагерлерге алғашқы конференцияның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, оларға маңызды жұмыстары үшін алғыс білдірді.
- Біздің негізгі міндетіміз – ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығын қоғам игілігіне пайдалану және оларды құрметтеу. Бүгінгі конференция осы мақсатты жүзеге асырудың бір қадамы болды деп есептейміз және сіздерге зор алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.