Қылқанжапырақты ағаш тұқымдылардың жас талдарын заңсыз кесуден қорғау мақсатында 1 желтоқсаннан бастап 31 желтоқсанға дейін орман алқаптарына апаратын негізгі жолдарда бақылау-өткізу пункттері ұйымдастырылады, мобильді топтар құрылады.
Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, жаңа жылдық шыршалар мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін ұйымдар мен мекемелерге облыстар әкімдіктерінің өтінімдері негізінде, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсаты бойынша ғана босатылады, ал тұрғындарға тек құрама шыршалар мен контейнерлердегі тірі шыршаларды ғана сатуға рұқсат етіледі.
– Қылқанжапырақты ағаштардың жас талдарын заңсыз кескені үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 381-1-бабына және ҚР Қылмыстық Кодексінің 340-бабына сәйкес жауапкершілік көзделеді, соның нәтижесінде бұзушылық жасаған тұлғаға 600 мың теңгеге дейін айыппұл салынады, - деп хабарлады облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясы.
Жаңа жылдық шыршаларды заңсыз кесу фактісі байқалған жағдайда, 8(7232) 60-14-10, 61-80-66 телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз.