Өскемен қаласындағы экологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізетін экологтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділері мен метеорологтардан құралған арнайы топ экологиялық рейдке шықты. Бұл топ Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша құрылды.
Арнайы топтың экологиялық рейді бүгін таңертең «Май» АҚ-ның санитарлық-қорғау аймағында басталып, мұнда аспаптық өлшемдер жасалды.
– Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағында атмосфералық ауаның сапасын өлшеу жүргізілді. Қазіргі уақытта екі ластаушы зат бойынша мониторинг аяқталды. Хлордың шекті рұқсат етілген концентрациясының екі есе асып тұрғандығы анықталды. Азот оксиді бойынша көрсеткіштер қалыпты нормадан асқан жоқ, - дейді ШҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тауырбеков.