2023 жылы 29 тамыз күні Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылының жаңа учаскесіндегі алты жолақты жол қолданысқа берілді. Ашылғанына 1 жылдан астам уақыт болған жаңа жолдан "Өскемен вокзалы" аялдамасынан "Гумилев" аялдамасына дейін тек бір ғана 46 а деген қоғамдық көлік қатынайды. Өскемен қаласының тұрғындары "Car City" аялдамасынан "Көктем" аялдамасына дейін тек бір ғана қоғамдық көліктің қатынайтынына наразы. Тұрғындар кейде 46 а автобусының дұрыс жүрмейтініне шағымдануда.
Bizdiң Өskemen тілшісі 6 қараша күні 46 а автобусы тоқтайтын аялдамалардың бірі - Renesance тұрғын үй аялдамасына 09:10-да барып тұрғындармен 40 минуттан астам уақыт аялдамада тұрып, 46 а автобусының 09:18-де белгіленген уақыттан ерте келгенін, 09:38-де келу керек болған автобустың 15 минутқа кеш келгенінің куәсі болды.
Қала тұрғындары Renesance тұрғын үй аялдамасында жарты сағатқа жуық уақыт, кейбіреулері 40 минуттан астам уақыт автобус күтсе, кейбір тұрғындар автобустың келгенін тоспай такси шақыртып жұмысқа кетуге мәжбүр болды.
– Олар белгіленген уақыттан жиі кешігіп жатады. Renesance тұрғын үй аялдамасынан тек бір ғана автобус жүреді, бұл өте ыңғайсыз, - дейді қала тұрғыны Аружан.
Тұрғындардың айтуынша, Oskemen bus қосымшасында көрсетілген уақыттың өзінде кейде автобус кешігіп жатады.
– Ара-арасында осылай 46 а автобусының уақытылы келмейтін кездері болады. Талай адамдарды көрдім мен автобус уақытында келмей жұмысқа кешігіп бара жатқанын. Қаладан қайтқанда да дәл өзінің уақытында жүрмейді. Адамдардың үйлеріне жете алмай жатқаныңын неше рет куәсі болдым. Мен өзім Есенберлина 31/1 де тұрамын, мағанда қалаға бару, қаладан қайту өте қиын. Бұл аялдамадан тек 46 а деген қоғамдық көлік ғана жүреді, басқа ешқандай автобус жүрмейді. Маршуртка деген мүлдем жүрмейді. Осы жалғыз автобус ғана жүреді, - дейді қала тұрғыны Айым Оралханова.
Өскемен қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығының өкілінің айтуынша, 46 а қоғамдық көлігі тек 3 кесте бойынша жүреді.
– Қазіргі таңда 46а маршруты 3 кесте бойынша жүреді. Қозғалыс аралығы 20 минутты құрайды. Әзірше бұл жолмен тек қана 46а маршруты қатынайды, - деді Өскемен қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығының өкілі.
Қала әкімдігі 46 а автобусын жиілету немесе "Car City" аялдамасынан "Көктем" аялдамасына дейінгі бағыт бойынша тағы да автобустарды шығаруға қатысты алдағы жоспармен бөліскен жоқ.
Бұған дейін қала әкімдігі суықта аялдамада ұзақ тұрып қалмау үшін Oskemen bus қосымшасына қарап, автобустың келе жатқанына көз жеткізіп барып үйден шығуды ұсынған.