Өскеменнің Спорт сарайы және Қасым Қайсенов аялдамаларындағы кофеханалар жұмыс істемей тұр. Аялдамалардағы тазалықты сақтау мақсатында жарты жыл бұрын ғана іске қосылған жобаға не болды? Вizdiң Өskemen сайтының тілшісі анықтап көрді.
“Қыста жұмыс істедік. Ал жазда әкімдік ішіне жөндеу жүргізуге тиіс болған. Сондықтан уақытша тоқтаттық. Жалпы бұл smart-аялдамалар ғой. Қыста жылы, жазда салқын болуға тиіс. Ыстықта ішіне адам кірмейді. Кондиционер орнатылуы керек. Сондықтан біз жұмысты қайта бастау үшін жөндеу жұмысын күтеміз”, деді кофеханалардың иесі Эльдар Мұхаметқазин.
Оның айтуынша, кофеханалардың жабылуына табыстың төмендегі әсер етпеген.
“Әрине, табыс көп емес. Аялдамада сатылған тауарларға әлеуметтік баға белгіленген. Нақтырақ айтсақ, арзан бағада сатқанымызды бәрі біледі ғой. Дегенмен түскен қаржы өз айналымына және сатушының айлығына жетті”, деді ол.
Вizdiң Өskemen сайтының тілшісі кофеханадардың жабылуы, аялдамалардың ендігі тазалығы және жөндеу жұмысы жөнінде қала әкімдігінің баспасөз хатшысынан ақпарат сұратты. Әзірге жауап келген жоқ.
Аялдамадағы кофеханалар биыл қаңтарда ғана ашылған болатын. Қала тұрғындары аялдамалардың ластығына және ішін тұрақты мекенжайы жоқ адамдардан мекендеп алғанына жиі шағымданатын. Әкімдік осыдан кейін "аялдамаларға кофехана ашатын кәсіпкерді тарттық, олар күтіміне қарайды, мәселелерді осылай шештік” деген еді.
Кофеханалардың иесі қазір жұмысты тоқтатқаннан кейін аялдамалардың күтімі қайтадан нашарлап бара жатқанын айтады.
“Тұрақты мекенжайы жоқ адамдар ішіне қайтадан кіріп алатын болды. Өйткені қазір аялдаманы біз ашып-жаппаймыз. Түнімен ашық тұрады. Өзіміз жұмыс істеп тұрған кезде таңертең алғашқы автобус жүрген уақытта ғана ашатынбыз. Оған дейін жауып тастайтын едік”, деді Эльдар Мұхаметқазин.