Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Республика күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қоғам белсенділері марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бірқатар шығысқазақстандықтар мен қоғам қайраткерлеріне «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Бірлік» медальдерін табыстады.
«Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы Борис Щербаковке, Сағынбек Ақановқа, Ғани Шаймардановқа, Әлібек Асқарға берілді.
Еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жастарға тәлім - тәрбие беріп, білім саласында еңбек етіп жүргеніне 39 жыл болған Гүлмира Мұхамбетова айтулы мереке қарсаңында «Құрмет» орденіне ие болды.
«ОблШығысЖол» ЖШС автогрейдер машинисі Есмұхамбет Ұябаевтың 15 жылдан астам уақыт жол саласындағы адал еңбегі бағаланып «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
– Кез келген сала мен өнеркәсіптің өркендеуі үшін адами капиталдың қаншалықты маңызды екенін ұмытпаған жөн. Өйткені қызметіне адал жандарсыз жетістікке жету мүмкін емес. Бүгін марапатталғандар арасында дәрігерлер мен ұстаздар, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер, әлеуметтік және өндіріс саласының өкілдері, әртістер мен меценаттар бар. Олардың әрқайсысы өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Барлығы да мемлекеттік награда мен атаққа лайықты, - дейді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.