Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің маңызына тоқталды.
– Бес жыл бұрын Бұқтырма бөгеніне көпір салу туралы тапсырма бердім. Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты. Көпірдің құрылысы аяқталды, бірнеше күн бұрын ресми түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осылайша, шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақсартады. Жалпы, сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін, - деді Президент.