Көк паспорт және 10 мың теңге. Қытайға бару үшін қандай құжат керек, жол шығыны қанша?


Басты / ЖАҢАЛЫҚТАР 27-05-2024, 13:07 0

Сурет: Sputnik Казахстан

Қытай мен Қазақстан арасында виза мәселесі жеңілдетілген соң екі ел арасында сауда саттық және туристік барыс-келіс көбейген. Қытайдан Қазақстанға туристер ағылып жатыр. Әсіресе Катонқарағай, Марқакөл жақтарды өз көліктерімен аралап жүрген көрші елдің азаматтарының қарасы көп. Ал қазақстандықтар ше?  

 

Аспан асты еліне ат ізін салып жүргендер, көбінесе бизнестің маңайында жүрген алыпсатарлар екені байқалады. Қалың бұқара әзірге бұл бағытты қиынсынатын сияқты. 

 

Сонымен Қытайға бару үшін қандай құжат керек?  Ұшақпен емес, кеден бекетінен өтсе ше? Жолға қанша ақша кетеді? Bizdiң Өskemen тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп сәуір айының басында Алматы облысындағы Қорғас бекеті арқылы Қытай шекарасына өтіп көрді. Енді сол сапардың шығындарын рет-ретімен баяндап өтейік.

 

Егер Өскеменде тұрсаңыз, алдымен Алматыға жетуіңіз қажет. Пойыз, ұшақ, такси... Алматыға қалай жету керек екенін айтып, уақытыңызды алмай-ақ қояйық, оны өзіңіз де біліп тұрсыз.

 

Алматыдан ары қарай Жаркентке жетуіңіз керек, такси деген ағылып жатыр, “индрайвер” ғой сол. Тақтайдай автобан «бетонка» жолды салып тастаған. Ары кетсе 2,5 сағаттың ішінде жетіп барасыз. Баға – 5000 теңге. 

 

Қытайға баратын автобустар сол Жаркенттің автовокзалынан жүреді екен. Адам саны елуден асқаннан соң автобустар бірінен-соң бірі кезектесіп жүре береді. Автовокзалдың кассасында сәл кезекке тұрасыз, паспортыңыздың нөмірімен билет аласыз. Ол жерде де билет құны – 5000 теңге. 

 

Сол билетті жоғалтып алмауыңыз керек, кеденде паспортпен билет бірге қаралады. Арғы бетке өткенше сол автобустан адасып қалмауыңыз керек.  

 

Автовокзалда қалта шығындары үшін қолма-қол ақша (теңге-юань) айырбастап алсаңыз артық болмас еді. Каспий банк картасы қалтаңызда болсын, ең бастысы.

 

Жаркент пен Қорғас (ресми Нұр жолы бекеті) бекетінің арасы қол созым жер. Қазақстан кеденінен де, Қытай жағынан да «не үшін кетіп бара жатырсыз?» «Мақсатыңыз қандай?» деген сұрақ қойылады.Әрине шекара қызметінің міндеті - мұқият тексеріс. Ол жерде бір сағаттай айналатыныңыз анық. Қытай жағында да саусақ іздерін тапсыру деген сияқты бөгелістер бар. Екі кеденнен өтуге ары кетсе 1,5 сағаттай уақытыңыз кетеді.

 

Тағы бір айта кететін нәрсе, Қытай кедені «брондалған қонақ үй» мәселесіне де бас ауыртпайды екен. Қай қалаға, қай жерге бара жатқаныңызда да ешкімнің шаруасы жоқ. Тек 30 күннің ішінде шекарадан шықсаңыз болды. Егер пәтер жалдаймын десеңіз ғана мәселе туындауы мүмкін.Пәтер жалдауыңыз үшін мекенжайыңызды жергілікті миграция өкілдеріне тіркеуіңіз керек. Қонақ үйге тоқтасаңыз, ол жердегілер өздері автоматты түрде тіркейді. Жарқырап тұрған жайлы заманауи қонақ үйлердегі нөмірлердің бағасы тәулігіне мың 15 теңгеден басталады. 

 

Қытайдың Хоргос қаласы Қазақстан шекарасына тіреліп тұр. Шекара сызығын аттай бере-ақ бірден әдемі және шағын шаһар басталады. Айтпақшы бұл қала соңғы 10 жылдың ішінде көтерілген.

 

Енді Алматыдан осы жерге дейінгі жол шығындарын есептеп көрейік. Таксиге 5 мың теңге, автобусқа 5 мың теңге. Барлығы 10 мың теңге. Қандай құжат керек десеңіз, көк паспортыңыздан басқа ешқандай құжат сұралған жоқ.  

 

Хоргостон ары қарай Құлжа қаласына дейін такси құны  5 мың теңге екен. Құлжадан Үрімжіге ұшақ бағасы – 20 мыңның айналасында. Үрімжіден Қатайдың қай бұрышына барам десеңіз де жол ашық, билеттер құны қол жетімді.


Журналист осы сапарға қалай барып келгенін видеодан көргіңіз келсе, біздің Instagram-парақшамызға (сілтеме) өтіңіз.


Келесі мақалада Зайсан арқылы қалай баруға болатынын жазамыз

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив