Биыл 300 мың қазақстандық баспана кезегінен шығарылуы мүмкін


ЖАҢАЛЫҚТАР 30-07-2024, 09:43 0

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, тұрғын үй кезегінде 650 мың қазақстандық тұр. Оның 255 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Жыл сайынғы тізімді түгендеу барысында Қазақстанда 300 мыңға жуық адамның тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін екені анықталған. Оған құжаттары талапқа сай келмеуі немесе баспанасы бар болуы себеп болып отыр.
Сондай-ақ 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданды. Мамыр айынан бүгінге дейін 17 000 азамат кезектен шығарылған.
Кезекте тұрғандар мынадай себептерге байланысты шығарылуы мүмкін:
- Кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінде баспана болса;
- Кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректері сәйкес келмесе;
- Әлеуметтік жағдайы сәйкес келмесе (толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектер және тағы басқа);
- Мемлекеттік қызметкер мәртебесі сәйкес келмесе.
Айта кетейік, осы жылдың мамыр айынан бастап министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, сәйкессіздіктер анықталған кезекте тұрғандарды жеке деректерін жаңарту қажет екені туралы SMS хабарлама арқылы хабардар ету туралы шешім қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге мәліметтерді жаңарту үшін белсенді түрде өздері бара бастаған.

Естеріңізге сала кетейік, kezekte.kz сайты арқылы тұрғын үйге кезекке:
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
- жетiм балалар;
- көпбалалы отбасылар;
- халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтары:
Ұлы Отан соғысының ардагерлері:
* жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
* басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
* I және II топтағы мүгедектер;
* мүгедек балалары бар отбасылар;
* кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
* зейнеткерлер;
* қандастар;
* экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
* мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, қаза тапқан адамдардың отбасылары;
* толық емес отбасылар.
- мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер;
- жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар тұра алады.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив