Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері 10 маусымға дейін үй-үйді аралайды. Мақсат - балалар мен әйелдердің шынайы жағдайын бағалау. Бұл жөнінде аталмыш бюро бүгін хабарлады.
Зерттеу «Мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS 7)» шеңберінде ұйымдастырылған.
"2023-2025 жылдары Қазақстанда MICS жүргізудің мақсаты балалардың әл-ауқатының деңгейін жүйелі мониторингтеу және балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық саясаттың тиімділігін арттыру үшін балалар мен отбасылардың дамуы мен жағдайының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша шынайы және бірегей ақпарат алу болып табылады", деп жазылған ақпаратта.
MICS зерттеуіне Қазақстандағы БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қоры қолдау көрсетеді. Зерттеу барысында үйдегі шаруашылық туралы мәліметтер жинақталады.