Дмитрий Казанцев бұған дейін Қазақстанның бірнеше шыңын бағындырған – Алматы шыңы, Астана шыңы, сонымен қатар еліміздің ең биік нүктесі Хан Тәңірі шыңы.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәліметінше, Алматыдан Өскеменге №5518 әскери бөліміне шақырылған қатардағы жауынгер Дмитрий Казанцев альпинист.
Студенттік жылдарында Алатау жоталарына шығуға әуестенген Дмитрий үшін әскери қызмет оның тау биігіне деген сүйіспеншілігіне кедергі бола қойған жоқ.
– Салмағы 40 келі сөмкемен өрмелеп, қар мен тасты еңсердік. Әр көтерілген сайын мені тау шыңдарына қарай адымдаймыз. Биіктікке көтерілу, кедергілерді жеңу маған мотивация берді. Менің мақсатым – сегіз мың метр биіктіктегі мұз шыңдары – Гималай тауларын бағындыру, - дейді Дмитрий Казанцев.
Ұлттық ұлан құрамында Дмитрий Өскемен қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және жақында №5518 әскери бөлімінде әскери қызметін ұзарту туралы келісімшартқа қол қойды.