Шығыс Қазақстан облысында 10-14 қазан аралығында Ұлан ауданы Бозанбай ауылының маңында өтетін кезекті «Шығыс салбұрыны» халықаралық фестиваліне қызу дайындық жүріп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Ұлан ауданына барған жұмыс сапарында шараның дайындық барысымен танысты. Аймақ басшысы фестиваль қазірдің өзінде туристік брендке айналғанын атап өтті. Оған жыл сайын еліміздің өзге өңірлерінен ғана емес, шетелден де қонақтар келеді. Биыл «Шығыс салбұрынына» бес мыңға жуық адам келеді деп күтілуде.
Қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Биылғы күзде фестивальге Қазақстан, Моңғолия, Венгрия, Ресей, Испания және Қытайдан 130-дан астам өкіл келеді.
– Жарыс бағдарламасына түрлі санаттағы бүркіттер мен сұңқарлар сайысы, «тазы» тұқымындағы жүйрік иттердің жарысы, «жамбы ату» және «теңге ілу» додалары кіреді. Алаңдардың бірінде киіз үй қалашығы орналасады. Мұнда қонақтар үшін көптеген ойын-сауықтар әзірленеді, - делінген ШҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.