Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева Қазақстан халқына жедел медициналық көмек көрсету ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты үндеу жолдады.
– Министрлік медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандартына және жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын әзірледі. Өзгерістер үйде қызмет көрсетуді тоқтатуды білдірмейді, керісінше медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған. Бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациенттер шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады, - делінген хабарламада.
Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, тиімділікті арттыру үшін жұмыс уақытында IV санаттағы шұғыл шақыртуларға қызмет көрсетуге мобильді алғашқы медициналық-санитарлық көмек бригадалары тартылады.
– Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыруларға жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді. Осылайша, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту қараусыз қалмайды, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева.