ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында 2023 жылдан бастап стереотактикалық радиотерапия және радиохирургия енгізіліп белсенді қолданылады. Бұл әдістер хирургиялық емдеуге балама болып табылады және орталық жүйке жүйесінің патологияларында, мидың, бауырдың, өкпенің қатерлі ісіктерінде, сондай-ақ сүйек метастаздарында қолданылады.
2022 жылы онкологиялық орталықта Elekta Versa HD жаңа буынының желілік үдеткіші сатып алынды, бұл пациенттерді сәулелік емдеумен қамтуды ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы аппараттың қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бір жылдан кейін ШҚО КОжХО қабырғасында Минск қалалық клиникалық онкологиялық орталығының мамандарының қатысуымен стереотактикалық радиотерапия және радиохирургия бойынша мастер-класс өтті. Облыстық онкологиялық орталықтың радиациялық онкологтары тәжірибе алып емдеудің жаңа әдістерін енгізе бастады.
- Стереотактикалық радиохирургия және стереотактикалық радиотерапия-бұл сәулелік терапия, оның барысында жоғары қуатты режимде сәулеленудің жоғары дозалары сау тіндерге зақым келтірместен ісіктерге жеткізіледі. Стереотактикалық радиохирургия көбінесе ауыр ілеспе патологияға немесе ісіктің өмірлік маңызды органдарға жақын орналасуына байланысты хирургиялық араласу мүмкін емес пациенттер үшін балама болып табылады, - деп атап өтті ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының радиациялық онкология бөлімінің меңгерушісі Айгерим Темирханова.
Стереотактикалық радиохирургия радиотерапиядан сеанстар санымен ерекшеленеді. Радиохирургия кезінде сәулелену бір рет, ал радиотерапия кезінде – бес ретке дейін жүргізіледі. Әдістер тиімділігі дәлелденді және бүкіл әлемде сұранысқа ие. Айта кету керек, пациенттерді іріктеу қатаң көрсеткіштер бойынша жүргізіледі, ал емдеу тактикасын медициналық физиктермен бірлесе отырып радиациялық онкологтар анықтайды.
Радиотерапия және радиохирургия процедурасынан өткен кезде пациенттер ешқандай ауырсыну немесе ыңғайсыздық сезінбейді. Емдеуден кейін оларға ауруханада болу және қалпына келтіру қажет емес.
- Радиотерапия да, радиохирургия да келесідей жүргізіледі, - деп түсіндіреді Айгерим Темирханова. - Науқасты алты позицияда орнын өзгертетін 6D роботты емдеу үстеліне орналастырылады. Қатаң бекітумен науқастың қозғалмайтындығын қамтамасыз етеді. Содан кейін топометриялық зерттеулер, ісік ошағын контурлау, дозиметриялық жоспарлау жүргізіледі. Біз әр сәулелену сеансында дененің орналасуымен салыстырылатын кескін аламыз. Суреттер компьютерлік томографтың бақылауымен салыстырылады, нақты сурет жоспарланған. Егер жылжу 0,1 миллиметрге дейін анықталса, жабдық автоматты түрде түзетулер жасайды. Бұл тәсіл фотон сәулесін зардап шеккен аймаққа мүмкіндігінше дәл жеткізуге және сау мүшелер мен тіндерді қорғауға мүмкіндік береді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстаннан келген пациенттер радиациялық терапия мен радиохирургиядан өту үшін елордалық клиникаларға жіберілді. Қазір аймақ тұрғындарының облыстан тыс жерлерге бару қажеттілігі жойылды.
Соңғы кезден бастап ШҚО КОжХО радиациялық онкологтары облыстың нейрохирургтарымен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Стереотактикалық радиотерапия мен радиохирургияны онкопроцестерде ғана емес, орталық жүйке жүйесінің өзге де ауруларында да қолдану жоспарлануда.
Шығыс Қазақстан облысында 13 мыңнан астам адам онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 мыңнан астам адам онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр. Олардың барлығы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін емделіп жатыр.
«Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия орталығына жыл сайын өзге өңірлер мен шетелдерден де науқастар келіп жатыр. Бұл медициналық мекеме еліміздегі ең үздіктердің бірі. Өйткені, онда томографтан УДЗ-ға дейінгі озық құрал-жабдықтар бар», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, аталған орталықтың хирург-онкологі Инна Чертишева Италиядан келген пациент жайлы айтып берді.
«Былтыр жыл сайынғы тексеруге келген науқас қазір ремиссияда. Оның не себепті бізге келгенін сұрап көрдік. Біріншіден, қызметтің бағасы себеп болған. Еуропада онкологиялық ауруларды емдеу өте қымбат. Екінші себеп – жеделділік. Осында қысқа уақыт ішінде барлық анализді тапсырып, ем-дом қабылдай алады. Ал, Италияда бірнеше ай күтуге тура келеді», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2022 жылдан бастап қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерді тексеру мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» енгізілген болатын. Атап айтар болсақ, бұл жаңашылдықтың басты тиімділігі — жергілікті емханаларға анамнез және сараптама алу үшін бар болғаны үш күн ғана мерзім беріледі, оған талдаулар мен рентгендік зерттеулерді жинау шаралары да кіреді. Содан кейін науқас аудандық онкологке жіберіледі, ол он күн бойы қосымша зерттеулер жүргізеді, қажет болған жағдайда, науқас КТ және МРТ-дан өтеді. «МРТ және КТ тегін жүргізіледі, жолдаманы өз емханасынан алуы керек. Бұл зерттеулер «жасыл дәліз» аясында кезектен тыс жүргізіледі. Науқастың мұны білуі және оны талап ете алуы маңызды. Осыдан кейін облыс тұрғыны онкологиялық орталыққа жіберіледі. Онда мамандар гистологиялық сынамалар алады және т.б. тереңдетілген зерттеулер жүргізеді. 15 күннен кейін емдеу шаралары белгілі болады», — деп атап өтті осынау орайда облыстық Көпсалалы онкология және хирургия орталығының Кеңес беру және диагностикалық бөлімі жетекшісі Нарғыз Дәулетбекова. Айта кеткен жөн онкологиялық науқастардың ем-домы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі толығымен ӘМСҚ активтері арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде аясында қамтылып келеді.